БҚО-да жол ережесін 10 жылдан астам бұзбаған жүргізуші марапатталды
БҚО-да жол ережесін 10 жылдан астам бұзбаған жүргізуші марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттау, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және тәртіпті азаматтарды ынталандыру мақсатында "Үлгілі жүргізуші" акциясы өтуде.

Акция аясында жолда тәртібімен өзгелерге үлгі болып жүрген облыс тұрғындарына құрмет көрсетілді.
Солардың бірі – 73 жастағы Асқар Сдыков. Ол 30 жылдан астам уақыт көлік жүргізіп келеді. Соңғы 10 жылдан астам уақыт бойы жол қозғалысы ережелерін бұзбай, жоғары жүргізу мәдениетін танытып келеді.
Сондай-ақ 62 жастағы Болат Садыков та 20 жылдан астам уақыт рөлде. Ол бірнеше жылдан бері жол ережелерін қатаң сақтап, жолдағы тәртіпті басты қағидасына айналдырған.

Акция аясында Орал қаласындағы №53 мектептің жас жол инспекторлары жүргізушілерге оқушылардың арнайы жазған хаттарын табыстады.
Балалардың жүрекжарды хаттарында жүргізушілерге жолда мұқият болу, жылдамдықты асырмау, жол қозғалысы ережелерін сақтау және ең бастысы, отбасына аман-есен оралу туралы ақ тілектері жазылған.
Жас жол инспекторлары осылайша ересектерге адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ екенін тағы бір мәрте еске салды.
Акция барысында жолда тәртібімен және жауапкершілігімен өзгелерге үлгі болған азаматтар да назардан тыс қалмады. Олар Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің атынан алғысхаттармен марапатталды.
Марапат иелері өз кезегінде барша жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін сақтауға, рөлде жауапкершілік танытуға және өзге жол қозғалысына қатысушыларға құрметпен қарауға шақырды.
Сонымен қатар акция барысында, әсіресе, ауа райының қолайсыз жағдайларында сақтық шараларын күшейту қажеттігі түсіндірілді. Жаңбыр, тұман және көктайғақ кезінде жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау жол-көлік оқиғаларының алдын алудың маңызды шарттарының бірі екені айтылды.
"Үлгілі жүргізуші" акциясының негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және қоғамда жол жүру мәдениетін қалыптастыру.
Өйткені жолдағы тәртіп тек айыппұлдан қорқумен емес, адам өміріне деген құрметпен өлшенеді.
