Теміржол бойындағы қараусыз мал машинистерді әбігерге салды
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тежелуіне байланысты 1 383 дерек тіркелген. Оның 1 074-і жануарлардың теміржолға шығып кетуіне байланысты болған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұндай жағдайлар пойыздардың қауіпсіз қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамға залал келтіріп, пойыздар қозғалысының кестесіне кері әсер етуі мүмкін.
Мәселен, өткен тәуліктің өзінде көлік полицейлері Ақмола, Қарағанды, Жетісу және Түркістан облыстарында осындай бірнеше деректі тіркеген. Аталған жағдайларда машинистер теміржолға кенеттен шығып кеткен жылқылар мен ірі қара малға байланысты пойыздарды шұғыл тежеуге мәжбүр болған.
Локомотив бригадаларының дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында бірқатар жағдайда жануарларды қағып кетудің алдын алуға мүмкіндік туған.
Тіркелген барлық дерек бойынша көлік полицейлері мал иелерін анықтаған. Олардың барлығы теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Көлік полицейлері теміржол мен оған іргелес аумақтың аса қауіпті аймақ екенін ескертеді. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне малдың жайылымын қатаң бақылауға алып, олардың қараусыз жүруіне және теміржолға шығып кетуіне жол бермеу қажеттігі ескертіледі.
