Павлодарда полицейлер жыл басынан бері 40-тан астам жоғалған адамды тапты
Павлодарда полицейлер жыл басынан бері 40-тан астам жоғалған адамның жүрген жерін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға және әлеуметтік желілерге күн сайын дерлік жоғалған адамдар туралы алаңдаушылық білдірген хабарламалар түсуде. Жоғалғандар арасында ересектер де, балалар да бар.
– Биыл із-түзсіз жоғалғандар тізімінде 56 адам болды. Жедел қызметкерлердің қажырлы еңбегінің арқасында 41 адамның мекенжайы анықталды. Сонымен қатар іздеуде болған 8 кәмелетке толмаған жасөспірім табылып, үйлеріне қайтарылды. Жоғалудың негізгі себептері бұрынғыдай – отбасылық мәселелер, өтпелі жас, наразылық және махаббат, – дейді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мәселен, жақында колледж студентінің анасы ұлының үйден шығып кетіп, қайта оралмағаны туралы полицияға арызданған. Тергеу барысында оның үйден бірнеше рет кетіп қалғаны белгілі болды. Осыған байланысты жасөспірім полицияның бақылауына алынған. Сот шешімімен ол 6 ай мерзімге Серебрянск қаласындағы девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектеп-интернатқа жіберілді. Осы жағдай оның үйден кетуіне түрткі болған.
Кәмелетке толмаған жасөспірімді іздеуге полиция қызметкерлері, кинологтар, еріктілер және жедел топтар жұмылдырылды. Жасөспірімнің таныстары мен ықтимал орындары мұқият тексерілді.
Үш тәулікке созылған іздеу нәтижесінде жедел уәкілдер елордалық әріптестерімен бірлесіп, жасөспірімді Астана қаласы маңындағы Қосшы ауылынан тапты. Жасөспірім елордаға келіп, сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарын аралап, таныстарымен кездескенін айтты.
Қазіргі уақытта жасөспірім анасына қайтарылды. Сот шешімі бойынша ол жақын арада арнайы мектепке орналастырылып, мінез-құлқын түзету курстарынан өтеді.
Бұл оқиға Павлодар полицейлерінің жоғалғандарды іздеудегі қажырлы еңбегі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі табандылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.