Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада әскери психологтар басқосу өткізді

Елордада әскери психологтар басқосу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әскери қызметтің басты тіректерінің бірі – жауынгерлік рух пен моральдық тұрақтылық. Бұл құндылықтарды сақтау мен нығайтуда әскери психологтардың еңбегі ерекше. Олар сарбаздардың психологиялық жағдайын бақылап қана қоймай, қажетті кеңес беріп, әскери ұжымдағы моральдық ахуалды жақсарту бағытында тынымсыз жұмыс атқарады. Әскери қызметшілердің жеке мәселелерін тыңдап, отбасыларына қолдау көрсету де – олардың басты міндеттерінің бірі.

Әскер қатарындағы психологтардың еңбегі оңай емес. Олар үнемі біліктіліктерін жетілдіріп, бір-бірімен тәжірибе алмасуды дәстүрге айналдырған. Әскери ұжымдағы моральдық-психологиялық тұрақтылық – жауынгерлік әзірліктің ажырамас бөлігі екені сөзсіз. Осы мақсатта елордалық 5573 әскери бөлімінде арнайы оқу-әдістемелік жиын өтті.

Жиын барысында әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүйесін ұйымдастыру, жас сарбаздарды әскери ортаға бейімдеу, келеңсіз жайттардың алдын алу және олардан шығу жолдары талқыланды. Мамандар өзара тренингтер өткізіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Орталық Азия өңірінің когнитивтік мінез-құлық терапиясы қауымдастығының президенті Жаннат Нұркина өз сөзінде сарбаздармен тұрақты түрде әңгімелесудің маңызын атап өтті.

– Сарбаздардың жеке көзқарастары мен көңіл-күйлерін үнемі бақылап отыру қажет. Бұл олардың жауынгерлік міндеттерін табысты орындауына септігін тигізеді, – деді ол.

Елордалық бригаданың психологиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, подполковник Жанар Бәкітқалиқызы да әскери психологтардың еңбегі көбіне көзге көрінбейтінін айтты.

– Жоғары жауынгерлік рухты қалыптастыру, сарбаздарды әскери өмірге бейімдеу, моральдық ахуалды жақсарту – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Әр сарбаздың ар-намысы қорғалып, ұжымдық рух сақталуы тиіс, – деді Жанар Бәкітқалиқызы.

5573 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Тимур Рахимов әскери психологтардың ұйымдастыру және тәжірибелік дайындықтарын жетілдірудің маңыздылығына тоқталды.

– Мұндай жиындар офицерлер мен сержанттар құрамының біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді. Осындай шаралар тұрақты өткізіліп тұруы тиіс, – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, биыл 4 қазанда Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының бастамасымен құқықтық тәртіп әскерлері мен психологиялық орталықтар арасында үшжақты келісімге қол қойылды. Бұл келісім аясында психологтар бірлесе жұмыс істеп, қызмет сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру