БҚО-да пробация қызметі құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ашық сот отырысын өткізді
Теректі ауданында пробация есебіндегі сотталғандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу шарасы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №1 Теректі аудандық пробация қызметі сотталғандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ашық сот отырысын ұйымдастырды.
Отырыста пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғанға қатысты бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсыныс қаралды. Тергеу барысында сотталғанның пробациялық бақылау кезеңінде жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын қасақана бұзғаны анықталды.
Теректі аудандық сотының шешімімен пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып, «С» есімді сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұл шара ең алдымен, сотталғандар арасында қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың қайта қылмыс жасауының жолын кесуге бағытталған маңызды тәжірибе ретінде бағаланады.