Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда полиция ата-аналармен бала тәрбиесіне қатысты маңызды жиналыс өткізді

Екібастұз қаласының №5 жалпы білім беретін мектебінде өткен ата-аналар жиналысында қатыгездік пен зорлық-зомбылықсыз балалық шақ, жыныстық қол сұғылмаушылық және буллинг мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жиналыс 8-11 сыныптардың ата-аналары үшін ұйымдастырылды.

Буллинг пен үйдегі зорлық-зомбылықтың алдын алу, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі, жыныстық қол сұғылмаушылық мәселелерін талқылауды Екібастұз қаласының полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Әсемгүл Кәрімова бастады.

Жиналыстың екінші спикері, психолог ата-аналармен «Ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынас» тақырыбында психологиялық тренинг өткізді. Мұндай тренингтер ата-аналарға балалардың ішкі әлемін ашуға, олардың арасындағы эмоционалды байланысты нығайтуға, кері байланыс алуға, сонымен қатар отбасындағы жанжалдарды іскерлік ойындар арқылы шешуге көмектеседі.

Жиналыс барысында, сондай-ақ гинеколог дәрігер сөз сөйледі. Ол қыздардың денесінде болатын физиологиялық өзгерістер мен жыныстық жетілудің негізгі кезеңдері туралы толық мәлімет берді. Гинеколог ата-аналарға балаларымен жыныстық тәрбие туралы ертерек әңгімелесудің маңыздылығын атап өтті. Бұл әңгімелер әрбір отбасында жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, дәрігер аурулардың ерте кезеңде анықталуы мен уақытылы емделуінің маңыздылығына тоқталды, ата-аналарға профилактикалық медициналық тексерулерді өткізуге қатысты пайдалы кеңестер ұсынды.

Жиналыс дәстүрлі емес форматта, бір кесе шай ішіп отырып өтті. Бұл әдіс ата-аналардың шаршағанын сездірмей, олардың назарын белсенді түрде аударуға, жылы әрі ашық әңгіме жүргізуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру