Қостанай облысында ҚАЖД қызметкерлері тыйым салынған заттардың мекемеге енуіне тосқауыл қойды
Қостанай облысында ҚАЖД қызметкерлері тыйым салынған заттардың енуіне тосқауыл қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №76 мекемесінде тыйым салынған заттарды әкелудің кезекті әрекеті дер кезінде әшкереленді.
Мекеме қызметкерлері қоғамдық қорғаушы ретінде келген азаматтың жеке заттарын тексеру барысында оның рюкзагынан жасырын түрде тығылған екі сенсорлық ұялы телефонды анықтады. Аталған заттар тәркіленіп, құқық бұзушының әрекетіне байланысты әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қажетті материалдар жинақталуда.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды әкелу тек заңды бұзушылық қана емес, сонымен қатар ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске саламыз. Мұндай әрекеттер мекеме ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздікке қауіп төндіріп, құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатады.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заң бұзушылықтардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қатаң түрде жүзеге асыруды жалғастыра береді.