Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада «Полиция және бала» акциясы өтті

Қызылордада «Полиция және бала» атты акция өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы полиция департаменті балалар мен жастардың құқықтық сауатын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ерекше танымдық іс-шара ұйымдастырды. Акция аясында қала орталығындағы 10 мектептің оқушылары мен 6 колледждің студенттері полиция департаментінің жұмысымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.

Іс-шара барысында қатысушылар полиция департаментінің мұражайы мен жедел басқару және кинология орталықтарының қызметімен танысты. Олар арнайы жасақ қызметкерлерінің қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін, жауынгерлік қару үлгілерін, патрульдік полиция батальонының қызметтік автокөліктерін көріп, «Газель» автокөлігінде орналасқан криминалистикалық зертхананың жұмысын бақылады.

Сондай-ақ оқушылар мен студенттер департамент мұражайына барып, аймақтың полиция тарихымен, ауған соғысы ардагерлері мен ерлік бұрышы экспозицияларымен, Сыр өңірінен шыққан тұңғыш генерал-майор Е. Демесінов және Ұлы Отан соғысының ардагері А. Сағымбайдың жеке заттарымен танысты.

Қызылорда қаласы полиция басқармасының жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы қылмыстарды анықтау және алдын алу процесін көрсетті. Оқушылар қоғамдық орындар мен көпқабатты үйлердің, сондай-ақ білім беру мекемелерінің аумағы бейнебақылау жүйесіне қосылғанын көріп, олардың қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын түсінді.

Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің 1-курс студенті Жақсылық Жандәулет экскурсиядан алған әсерімен бөлісіп, өз замандастарын қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырды.

150-ден астам оқушы мен студент қатысқан шара барысында тәртіп сақшылары қойылған сауалдарға толық жауап беріп, құқық қорғау органдарының жұмысы туралы терең мағлұмат берді.

«Полиция және бала» акциясы 13 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру