Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды

Түркістан облысы Созақ ауданында Омарбек Дүйсембекұлының атына полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында жастарды Отанды сүюге, ел тыныштығын сақтауға және ұлттық әскер қатарында адал қызмет етуге баулитын арнайы полиция сыныптары ашылуда. Осы игі бастаманың аясында Созақ ауданы Шолаққорған ауылындағы Н.Төреқұлов атындағы IT мектеп-лицейінде Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция майоры Омарбек Дүйсембекұлының құрметіне «Жас сақшы» сыныбы салтанатты түрде ашылды.

Бұл айтулы шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, Түркістан облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Әшімхан Мырзаханов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Мұратов, сондай-ақ ауданның мекеме басшылары, ардагерлер мен құрметті қонақтар қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған полиция полковнигі Нұрлан Мұратов құқық қорғау органдарының қоғамдағы маңызы туралы баяндап, майор Омарбек Дүйсембекұлының өнегелі өмір жолына тоқталды. Ол Кеңес Одағының Батыры, жазушы әрі академик Мәлік Ғабдуллиннің «Сұрапыл жылдар» мен «Майдан очерктері» атты еңбектерінде Омарбек Дүйсембекұлы жайлы ерекше естеліктердің жазылғанын атап өтті.

«Жас сақшы» сыныбының ашылуына орай оқушыларға арнайы полицей формалары тігіліп, тапсырылды. Сынып бөлмесі полицейлер қызметіне арналған бұрыштармен және қажетті көрнекі құралдармен жабдықталды. Шараның шарықтау шегі ретінде жоғары сынып оқушылары салтанатты түрде ант қабылдап, «Жас сақшы» ұйымының қатарына ресми түрде қосылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру