Риддерде 200-ден астам Аяз Ата есірткіге қарсы күресті қолдады
Риддер қаласында «Есірткіге жол жоқ!» науқаны өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында өткен «Аяз Ата – Ақшақар 2024» фестивалі аясында ерекше әрі маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Есірткі қылмысына қарсы күреске арналған «Есірткіге жол жоқ!» ұранымен өткен бұл науқан қоғамның назарын өзекті мәселеге аударды.
Іс-шараны Риддер қалалық полиция қызметкерлері ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – есірткі қолданудың зияндылығы мен есірткі қылмысының қаупі туралы тұрғындарға ой салу, салауатты өмір салтын насихаттау болды.
Науқанға 200-ден астам Аяз Ата мен Ақшақар киімін киген қатысушылар және шамамен 3000 қала тұрғыны жиналды. Креативті форматтағы бұл бастама үлкен қолдау тапты. Қатысушылар тұрғындарға ақпараттық жадынамалар таратып, есірткімен күресудің маңыздылығы туралы әңгімелер өткізді. Сонымен қатар нашақорлықтың алдын алу жолдары да жан-жақты талқыланды.
– Осындай ерекше тәсілдер есірткі қылмысын азайтып қана қоймай, қоғамда салауатты өмір салтының құндылығын арттыруға ықпал етеді. Бұл – жастарды теріс әрекеттерден қорғаудың тиімді жолы, – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Науқанға қатысушылар да өз ойларымен бөлісті.
– Есірткі – бұл тек денсаулыққа ғана емес, бүкіл қоғамға қауіп төндіретін үлкен кесел. Әрқайсымыз айналамыздағы жағдайға бей-жай қарамай, күмәнді әрекеттерді байқасақ, дереу хабарлауға міндеттіміз, – деді шараға қатысушы Аяз Ата киіміндегі ерікті.
Полиция қызметкерлері мұндай шаралар азаматтардың қырағылығын арттырып, қоғамда әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға ықпал ететінін айтты.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында жыл бойы есірткі қылмысымен күреске арналған 400-ден астам алдын алу кездесулері мен науқандары өткізілді. Мұндай белсенділік қоғамды қауіпсіз әрі есірткісіз болашаққа жетелеуге бағытталған нақты қадам болып табылады.