Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды

Түркістан облысында «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Отырар аудандық полиция бөлімінің бастамасымен Шәуілдір ауылындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында жас ұрпақты отансүйгіштікке, ел тыныштығын қорғауға және ұлттық әскер сапында адал қызмет етуге баулитын ерекше жоба – «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды. Бұл сыныпқа ауданның құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция полковнигі Ерсұлтан қажы Аманбайұлының есімі берілді.

Салтанатты рәсімге аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов, Түркістан облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, Түркістан облысының ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер алқасының төрағасы Оспанғазы Жанқожаев, сондай-ақ аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Жұмахан Әбдікадыров қатысты.

Іс-шара барысында Ерсұлтан Аманбайұлының өмір жолы мен ерліктері туралы естеліктер айтылып, жас ұрпаққа оның батырлық рухы үлгі ретінде дәріптелді. Елге еңбегі сіңген ардагердің өнегелі өмірі балалардың жүрегінде патриоттық рухты оятты.

«Жас сақшы» сыныбының алғашқы мүшелері, 9-сынып оқушылары, өздерінің батыл әрі ержүрек азамат болуға дайын екендіктерін айқын көрсетіп, Отанға деген сүйіспеншілігін антпен бекітті. Олар оқуда үздік болуға, елінің адал патриоты ретінде үлгі көрсетуге және болашақта ел тыныштығын күзету жолында еңбек етуге бел буды.

Бұл бастама жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, құқық қорғау саласына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған игі қадамдардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру