Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-дағы ерлер колониясында айтыс өтті

СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің №48 мекемесінде шақырылған қонақтар мен сотталғандардың қатысуымен айтыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Айтыс — екі ақынның импровизацияланған сайысы, қазақ халқының ауызша ән поэзиясының бір түрі.

Іс-шараға облыстың дарынды айтыскерлері Жұмабек Рахимов, Хавдола Бейісхан және Диас Аяған шақырылды. Мекеме атынан сотталғандардың бірі – Дамир өнер көрсетті. Сотталғанға дейін ол өнердің осы түрімен белсенді айналысқан. Республикалық, халықаралық ақындар айтысының жүлдегері Жарқын Жұпархан сөз сөйлеушілердің дағдыларын бағалады. Айта кету керек, Жұмабек Рахимов Дамирдің тәлімгері.

Айтысқа 2019 жылы колледжге түскеннен кейін келдім. Студенттік кезім мені айтыстың негіздеріне үйреткен республикалық айтыстардың жүлдегері Жұмабек Рахимовтың қасында өтті. Оның арқасында мен сахнада өнер көрсете бастадым. Алғашқы айтысым облыстық деңгейде өтіп, Жамбыл бабамызға арналды. Тәлімгерімнен алған білімнің арқасында бұл жарыста жеңіске жеттім. Кейін өңірлік айтыстарға шыға бастадым. Баланың бетін қақпай, белін буған, айтыскер ақын Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Жарқын Жұпархан СҚО-ның ақындар қатарына қосты. Осы бағытта одан әрі дамуға үлкен ынталандыру мен шабыт алдым. Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ дегендей өкінішке орай абақтыға түстім. Мекеме әкімшілігіне осы іс-шараны ұйымдастырғаны, қолдағаны және домбырада өз тәлімгерімен біргеойнау мүмкіндігі үшін зор алғысымды білдіремін, – деді Дамир.

Көрермендер ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің ардагерлері мен жазасын өтеп жатқан сотталғандар қатысты. Айтыс бірнеше кезеңнен өтті. Қатысушылардың әрқайсысы өздерінің дағдылары мен шеберліктерін толықтай көрсете алды.

Іс-шара соңында қонақтарға белсендіқатысқаны және өзара тиімді ынтымақтастығы үшін алғыс хаттар табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру