Петропавлда ҚАЖ қызметкерлері арасында волейболдан республикалық турнир өтті
Петропавлда ҚАЖ қызметкерлері арасында волейболдан республикалық турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласындағы "Береке" спорт кешенінде ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің аумақтық департаменттері қызметкерлері арасында волейболдан республикалық турнир ұйымдастырылды.
Жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 14 команда, жүзден астам қызметкер қатысты. Екі күнге созылған турнир тек спорттық бәсекенің ғана емес, әріптестер арасындағы кәсіби байланысты нығайтудың да тиімді алаңына айналды.
Қатысушылардың айтуынша, жарысқа дайындық бірнеше ай бұрын басталған. Жұмыс күнінен кейін қызметкерлер тұрақты түрде жаттығулар өткізіп, өз бөлімшелерінің намысын абыроймен қорғауға және командалық ойынның жоғары деңгейін көрсетуге күш салды.
Турнирдің негізгі мақсаты – дене шынықтыруды дамыту, командалық рухты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар бұл жарыс қатысушыларға спорттық шеберліктерін көрсетуге, өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға және ведомстволық спорт дәстүрлерін жалғастыруға мүмкіндік берді.
Жарыс қорытындысы бойынша Алматы облысы бойынша ҚАЖ департаментінің командасы қола жүлдеге ие болды. Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің командасы күміс жүлдені жеңіп алса, Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің командасы турнир жеңімпазы атанды.
Командалық есептен бөлек, үздік ойыншылар жеке номинациялар бойынша да анықталды: "Үздік ойыншы" – Нұрлан Нұрғалиев (Қостанай облысы бойынша ҚАЖД); "Үздік либеро" – Динара Белялова (Ақмола облысы бойынша ҚАЖД); "Үздік шабуылшы" – Руслан Даркенбаев (Алматы облысы бойынша ҚАЖД).
Енді турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің намысын ведомствоаралық жарыстарда қорғап, үздіктер қатарынан көрінуге күш салады.
