Экстремизм үшін сотталғандармен жұмыс қалай жүргізіледі
Радикалды ағым жетегінде кеткен жандарды қалыпты өмірге қайтару қалай жүзеге асады? Сұхбатта №15 мекемесінің тәжірибелі теологы Амангелді Уразбаев темір тордың ар жағындағы теологиялық және психологиялық жұмыстардың қыр-сырын баяндайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жат ағымның құрығына түсіп, экстремизм үшін жазасын өтеп жатқан азаматтарды оңалту — мемлекет қауіпсіздігінің маңызды бағыты.
— Экстремизм үшін сотталған азаматтармен жұмыс қалай басталады?
— Ең алдымен сотталған азаматтың тұлғасы жан-жақты зерттеледі. Оның әлеуметтік ортасы, психологиялық жағдайы, діни сауаты мен радикалды көзқарастың қалыптасуына әсер еткен факторлар анықталады. Әр адамның экстремистік идеологияға келу жолы әртүрлі болғандықтан, жұмыс та жеке тәсіл арқылы жүргізіледі.
— Жеке түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты қандай?
— Негізгі мақсат — азаматтың теріс көзқарасын өзгертіп, қоғамға бейімдеу. Мамандар құқықтық сауаттылықты арттырып, радикалды идеялардың қауіпті екенін түсіндіреді. Сонымен қатар адамның қоғамға қайта бейімделуіне, заңға құрметпен қарауына бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
— Радикалды көзқарастың қалыптасуына қандай факторлар әсер етеді?
— Бұған әлеуметтік қиындықтар, жұмыссыздық, психологиялық күйзеліс, діни сауатсыздық және әлеуметтік желідегі теріс ақпараттар әсер етуі мүмкін. Әсіресе интернеттегі деструктивті контент жастарға үлкен қауіп төндіреді.
— Теологиялық түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіледі?
— Теологтар діни мәтіндердің шынайы мағынасын түсіндіріп, радикалды ағымдардың дінді бұрмалап қолданатынын дәлелдер арқылы көрсетеді. Сонымен қатар дәстүрлі діни құндылықтар, қоғамдағы татулық пен адам өмірінің қадірі түсіндіріледі.
— Мұндай жұмыстарда сенімді қарым-қатынастың маңызы қандай?
— Сенім орнату — жұмыстың ең маңызды бөлігі. Егер азамат маманға сенсе, өз ойын ашық айтып, сұрақтарын еркін қоя бастайды. Сондықтан психолог, теолог және реабилитологтар ең алдымен ашық диалог орнатуға мән береді.
— Психолог, теолог және реабилитологтың бірлескен жұмысы қалай жүзеге асады?
— Психолог азаматтың ішкі күйзелісі мен эмоциялық жағдайымен жұмыс істейді. Теолог діни түсініктерді түзетсе, реабилитолог әлеуметтік бейімделуге көмектеседі. Үш маман бірлесе отырып, азаматтың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасайды.
— Қоғам экстремизмнің алдын алу үшін не істеуі керек?
— Ең алдымен жастардың діни және құқықтық сауатын арттыру қажет. Отбасындағы тәрбие, дұрыс ақпарат көздерін пайдалану және қоғамның бейжай қарамауы — экстремизмнің алдын алудағы маңызды факторлар.
