Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды полициясының ардагері Тағат Абеуов 70 жасқа толды

Қарағанды полициясының ардагері Тағат Абеуов 70 жасқа толды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғау органдарында саналы ғұмырын арнап, адал қызметімен ел алғысына бөленген тұлғалардың бірі – полиция полковнигі, бүгінгі таңда құрметті зейнеткер, Тағат Абеуов.

Қарқаралының қасиетті топырағында дүниеге келген Тағат Сейілханұлы жастайынан білімге құмар, ізденімпаз, талапты жас ретінде танылды. Әкесінің кеңесімен құқық қорғау саласына бет бұрған ол сол кездегі атағы дүркіреп тұрған Қарағанды Жоғары милиция мектебін 1976 жылы тәмамдады. Отан алдындағы адал борышын өтеуге деген шынайы ниетімен жас маман еңбек жолын Қарағанды қаласының қылмыстық тергеу бөлімінде инспектор қызметінен бастады.

Қызметтегі біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында бірнеше жыл ішінде тәжірибе жинақтап, 1984 жылы Қарағанды облысы ІІБ Октябрь аудандық ішкі істер бөлімі криминалдық іздестіру бөлімшесі бастығының орынбасары болып тағайындалды. 1987 жылы аталған бөлімнің бастығы лауазымына көтеріліп, ұзақ жылдар бойы қылмыстық істерді тергеу, қылмыстың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау салаларында жемісті еңбек етті.

«Адам – өз өмірінің суретшісі» деген дана сөздің дәлелін Тағат Сейілханұлының өмірінен айқын көруге болады. Оның қызметтегі басты қағидаттары – адалдық пен әділдік. Ол өз ісінде әділ шешім қабылдап, батыл әрекет етуімен ерекшеленді. Әріптестерінің арасында құрметке ие болған ардагер кәсібилігімен де үлгі болып, бірнеше буын жас маманның қалыптасуына ықпал етті. Оның тәлімін алған шәкірттері бүгінгі күні де ел игілігі үшін қызмет етуде.

Тағат Сейілханұлының еңбек жолындағы табыстары мен белсенділігі жоғары марапаттарға лайық болды. Ол ішкі істер саласының ардагері ретінде құрметке бөленіп, жас ұрпақ үшін жарқын үлгіге айналды.

Бүгінгі таңда 70 жасқа толып отырған абзал ардагер өмірлік серігі, сүйікті жары, балалары мен немерелерінің, туған-туыстары мен достарының ортасында бұл мерейлі күнін қарсы алуда.

«Ер есімі – ел есінде» дейді дана халқымыз. Тағат Сейілханұлы сынды ел үшін еңбек еткен жандардың өнегелі өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала беретіні сөзсіз.

Құрметті мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қуанышқа толы жарқын күндер тілейміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру