Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордалық жастар нашақорлықтың зардабы туралы сахнадан тамашалады

Қызылордалық жастар нашақорлықтың  зардабы туралы сахнадан тамашалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы пллиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында ерекше іс-шара ұйымдастырды. Оқу орындарының студенттері мен жоғары сынып оқушылары Нартай Бекежанов атындағы драма театрда қойылған «Нашақордың өмірі жайлы новелла» трагедиясын тамашалады.

Он жылдан бері сахналанып келе жатқан бұл қойылым биыл жаңартылып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленуде. Бұрын «Қандыөзек» деп аталған спектакль қазіргі атауымен жастардың өмірлік шындығына негізделген трагедияны көркем тілмен жеткізеді. Қойылым тек өнер туындысы ғана емес, шынайы оқиғаға құрылған ескерту іспетті.

Сахна шымылдығы жігіттің ата-анасын болашақ қалыңдығымен таныстыру сәтімен ашылады. Алайда, дәл осы кезде оған «достарынан» қоңырау түсіп, қарызды қайтаруды талап етеді. Қаннен-қаперсіз барған ол нашақорлар тобының құрығына түседі. Сол сәтте жас жігітті есірткіге тәуелді етудің алғашқы қадамы жасалады.

Қойылымдағы басты кейіпкердің тағдыры бір сәтте өзгеріп, оны өмірдің түбіне қарай сүйрейді. Айналасындағылардың ықпалымен нашақорға айналған жігіт кейін есірткі сатушы әйелмен бірге тұрады. Әйелдің мақсаты – оның ата-анасының дүние-мүлкін иемдену. Алайда жоспары іске аспаған соң, оны үйден қуып шығады. Жігіт ата-анасынан айырылып, түрмеге қамалады.

Түрмеден шыққан ол бұрынғы қалыңдығымен қайта кездеседі. Жігіт оның сегіз жасар ұлы бар екенін біліп, өзінің қателіктерін мойындап, отбасын қайта құруға уәде береді.

Қойылым хеппи-эндпен аяқталып, жігіттің өмірі жаңа арнаға түседі. Бірақ сахнадағы бұл ауыр тағдыр көрінісі жастарға терең ой салды. Спектакль аяқталған соң, көрермендер әртістерге ұзақ қол соғып, естелік суретке түсіп жатты. Көптеген жасөспірімдер залдан үнсіз, ауыр ойға шомып шықты. Олар бір сәттік әлсіздік пен қателіктің адам өмірін қалай құрдымға жіберетінін өз көздерімен көрді.

Осындай әсерлі қойылымдар арқылы жастар нашақорлықтың салдарын түсініп, саналы таңдау жасауға үйренеді. Бұл тек өнердің ғана емес, қоғамның да үлкен жетістігі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру