Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада полицейлер ардагерлермен кездесті

Қызылордада полицейлер ардагерлермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен тағылымы – кейінгі толқын үшін айнымас үлгі. Олар ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, қоғамға елеулі үлес қосқан тұлғалар. Осындай жандарға құрмет көрсету – өскелең ұрпақтың парызы.

Қызылорда облысы полиция департаментінде өткен ардагерлермен кездесу – осындай құрметтің бір айғағы. Бұл жиында полиция қызметкерлері мен ардагерлер 2024 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы 2025 жылға жоспарларын талқылады.

Кездесуді ашқан департамент бастығының орынбасары Оралбек Омаров ардагерлердің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесінің маңыздылығына тоқталды.

– Біздің ардагерлеріміз жас мамандардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруға, олардың кәсіби және адамгершілік қасиеттерін шыңдауға зор үлес қосуда. Жеке құрам арасында қызметтік тәртіпті нығайту, моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар да олардың тәжірибесімен ұштасып жатыр. Жас қызметкерлерге тәлімгер ретінде тағайындалған ардагерлер олардың отбасылық жағдайына да мән беріп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді, – деді ол.

Жиында Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Асқар Балқожаев та сөз алып, ардагерлер кеңесімен бірлесе атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

– Ардагерлер – ішкі істер органдарының алтын қоры. Олар қызметтен кеткенімен, өз миссияларын жалғастырып келеді. Қазіргі таңда облыста үш ардагерлер ұйымы жұмыс істеп, олардың құрамына 2730 зейнеткер мүше ретінде тіркелген. Жаңа қызметке келген жас мамандарға ардагерлер тәлімгер болып бекітіліп, олардың кәсіби қалыптасуына үлкен үлес қосуда, – деді ол.

Кездесу барысында ардагерлер өз ойларын ортаға салып, департамент басшылығына көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ, кездесуде бірқатар ардагерлер департамент бастығының алғыс хатымен марапатталды.

Жиынның ерекше сәттерінің бірі – ішкі істер органдарының құрметті ардагері, халықаралық байқаудың лауреаты Әмірбек Шаймағамбетовті марапаттау рәсімі болды. Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған ТМД елдерінің құқық қорғау органдары, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері арасындағы жыл сайынғы «Қалқан және қалам» байқауында Әмірбек Бердібекұлы «Содружество» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Марапаттау барысында департамент басшылығы ардагердің жетістігін ерекше атап өтіп, оның кәсіби шеберлігі мен қоғамға қосқан үлесіне жоғары баға берді. Өз кезегінде ардагерлер жеке құрамға алғыс айтып, ақ батасын берді.

Қызылорда полицейлері ардагерлерге қамқорлық көрсетіп, олардың тәжірибесін жас мамандардың кәсіби дамуына бағыттауды дәстүрге айналдырған. Мұндай кездесулер – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған зор үлес.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру