Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға кинотерапия ұйымдастырылды
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға кинотерапия ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кинотерапия – сотталғандарды оңалту мен әлеуметтік бейімдеудің тиімді құралы, ол адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, эмоциялық қабылдауды арттырып, жаңа көзқарасқа жол ашады.
26 қаңтарда Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің №35 мекемесінде осындай игі шара ұйымдастырылды. Бұл күні «Сарыарқа» кинотеатрының қызметкерлері мекемеге арнайы келіп, сотталғандар үшін «Пейіш» фильмін ұсынды.
Аталған туынды ана махаббаты мен сенімінің құдіретін терең жеткізіп, көрермендердің жүрегіне жол тапты. Фильм сотталғандардың арасында үлкен эмоциялық резонанс тудырды. Көпшілігі аналары мен отбасын еске алып, өмірлік құндылықтардың маңыздылығын қайта сезінді. Кейбіреулері үшін фильм соншалықты әсерлі болды, олар көз жасына ерік берді.
– Бұл фильм әр адамның жан дүниесін қозғап, мейірімділік пен жақсылықтың адам өміріндегі басты құндылық екенін көрсетті. Оның ішінде ұлтқа, сенімге, жағдайға қарамастан, адамдарды біріктіретін күш – ізгілік пен адамгершілік екенін айқын сезіндік. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар біздің мекемеде жүйелі түрде ұйымдастырылып отырады, – деді мекеме бастығының орынбасары А. Метжанов.
Бұл шараның басты мақсаты – сотталғандардың жүрегіне үміт пен сенім ұялату, оларды өмірге жаңаша көзқараспен қарауға шақыру. Мекеме әкімшілігі осындай мазмұнды бастамалар арқылы сотталғандарды оңалту ісіне ерекше көңіл бөлуде.