Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД мекемесінде мас-рестлингтен жарыс өтті
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД №35 мекемесінде сотталғандар арасында Якутия халқының ұлттық спорт түрі – мас-рестлингтен ерекше спорттық шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің үкімімен бекітілген қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдайды сауықтырудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасының аясында жүзеге асырылды.
Мас-рестлинг – күш пен ептілікті, сондай-ақ шыдамдылықты талап ететін спорт. Жарысқа арнайы шақырылған Мас-рестлинг федерациясының өкілі Мадияр Айтқазиев бұл спорттың ерекшеліктеріне тоқталып, былай деді:
– Мас-рестлингтің техникасы қарапайым көрінгенімен, барлық бұлшықет топтарын жұмыс істетуге мәжбүр етеді. Ең бастысы – төзімділік. Бұл спорт түрінде тек күш пен ептілік қана емес, сонымен бірге бұрыштар мен ауысуларды дұрыс меңгеру маңызды.
Сотталғандар шара барысында өздерін ерекше қырынан танытып, жарысқа үлкен ықыласпен қатысты. Олар үшін бұл шара жаңа серпіліс пен жағымды әсер сыйлады.
Мекеме бастығының орынбасары И. Қанатбек спорттың адам өміріндегі маңызына ерекше тоқталды.
-;Спорттың таңғажайып қасиеті бар: ол адамдарды біріктіреді, денсаулықты жақсартады, мінезді шыңдайды және ақыл-ой қабілетін жетілдіреді. Сонымен қатар, жылдамдық, ептілік, үйлесімділік, төзімділік және күш сияқты маңызды дағдыларды дамытады», – деп атап өтті ол.
Айта кетерлігі, мекеме басшылығы сотталғандардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне үнемі қолдау көрсетіп келеді. Спорттық шаралар – олардың өмірін әртараптандырып қана қоймай, ішкі тәртіп пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.