Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Маңғыстау облысында полицияның 2024 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды

Маңғыстау облысының полиция департаменті 2024 жылғы қызметінің қорытындыларын шығарып, аймақтың құқық қорғау жүйесінің жұмысын талқылаған кеңес өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев, облыс прокуроры Айдос Майлыбаев қатысты. Жиында полиция органдарының жыл бойғы жетістіктері сараланып, алдағы 2025 жылда шешімін талап ететін маңызды мәселелер талқыланды.

2024 жылы өңірде 3176 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Соның ішінде ұрлық, тонау, бұзақылық және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар айтарлықтай азайған. Бұл көрсеткіштер полицияның алдын алу шаралары мен құқық қорғау қызметінің тиімділігін дәлелдейді. Аймақтың криминогендік және қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты деп бағаланып, құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту жұмыстары жалғасын табуда.

Заңсыз айналымнан 126 килограмм есірткі тәркіленіп, есірткі саудасын жарнамалайтын 768 граффити жойылды, 610 интернет-ресурс бұғатталды. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелілігіне полиция қызметкерлерінің кәсіби іс-әрекеті айқын дәлел бола алады. Сонымен қатар, мас күйінде көлік басқарған 1016 жүргізуші ұсталып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше көңіл бөлінді.

Маңғыстау облысы қылмыстарды ашу көрсеткіші бойынша республикада көш бастады. Полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов 2025 жылдың Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің бастамасымен «Алдын алу жылы» деп жарияланғанын атап өтіп, есірткіге қарсы күрес, алаяқтықпен күрес, жол-көлік оқиғаларын азайту және мүліктік қылмыстардың алдын алуға ерекше көңіл бөлуді тапсырдыОблыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ішкі істер министрлігінің атынан ішкі істер органдарының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, үздік нәтижелер көрсеткен полиция қызметкерлеріне ҚР Ішкі істер министрі, облыс әкімі мен прокурорының атынан алғыс хаттар табысталды. Жыл қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен Маңғыстау ауданы полиция бөлімінің бастығына қызметтік автокөлік сыйға берілді.

2024 жыл Маңғыстау облысының полициясы үшін жемісті жыл болғанымен, құқық қорғау қызметінің негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жетілдіру болып қала береді. Құқықбұзушылықтардың алдын алуға, халықтың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыруға баса назар аударылмақ.

Маңғыстау облысының полиция департаменті алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін өз міндеттерін абыроймен атқара береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру