Жамбыл облысының полициясы алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындады
Жамбыл облысы полиция департаментінде ҚР ІІМ аппаратының басшысы Оңал Бекеевтің төрағалығымен жедел кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел кеңесте өткен жылдың жұмыс қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Ішкі істер министрі Ержан Саденов атап өткендей, Мемлекет басшысы әділетті Қазақстанның негізі саналатын «Заң мен тәртіп» қағидасын жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырған.
Полиция осы қағидатты елімізде берік орнықтыруда маңызды рөл атқарады, сондықтан құқық қорғау органдарының алдында азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету міндеті тұр.
– Бізге ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, заңсыз көші-қон мен ауыр қылмыстарға дейін барлық құқық бұзушылыққа қатысты ең қатаң шаралар қабылдау тапсырылды. Қылмыстарды барынша жедел ашу қажет, – деді ПД бастығы Бақытжан Малыбаев.
2025 жыл Ішкі істер министрі тарапынан Профилактика жылы деп жарияланды. Барлық жерде «Полиция – Заң мен тәртіп күзетінде» қағидасы сақталуы тиіс. Әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі қажет. Осы мақсатта құқық қорғау жүйесі үйлесімді және тиімді жұмыс істеуі тиіс. Ең алдымен, заң бұзған кез келген адам міндетті түрде жауапкершілікке тартылуы тиіс деген заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек.