Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Солтүстік Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтілді

Солтүстік Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында 2024 жылы 500-ден астам адам әкімшілік қамауға алынды. Өткен жылдың өзінде өңірде тұрмыстық ортада жасалған 84 қылмыс тіркелген. Көпшілігі – ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактілері. Айта кету керек, бұл әрекеттер 2023 жылдың жазынан бастап қылмыстық сипатқа ие болып, Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылды.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында 20 қаңтарда «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Іс-шара шеңберінде полиция қызметкерлері бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын аралап, тексеру жұмыстарын жүргізуде.

– Мұндай тексерістер тұрақты түрде өткізіледі. Оған учаскелік инспекторлардан бөлек, полиция департаментінің аппараты мен аудандардағы бөлім қызметкерлері де жұмылдырылған. Бұл – әрбір учаскелік пункт аумағын толық қамтуға мүмкіндік береді, – дейді СҚО полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Нарлан Жұмабаев.

Тәртіп сақшылары әсіресе отбасылық жанжалдар жиі болатын үйлерге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға және балаларға қолайсыз орта қалыптастыруы мүмкін мекенжайларға ерекше көңіл бөлуде. Мұндай отбасыларды анықтау және қажетті көмек көрсету мақсатында құрылған мобильдік топтардың жұмысы ерекше назарда.

2023 жылы облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында 2362 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Олардың ішінде 563 адам әкімшілік қамаққа алынса, 291 адамға ескерту беріліп, 15 азаматқа айыппұл салынған.

Полицейлер жүргізген талдау профилактикалық жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін айқындап отыр. Сол себепті құқық қорғау қызметкерлері азаматтарға ақпараттық жадынамалар таратып, байланыс нөмірлерін қалдырады, заңнамадағы өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндіруде.

«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы 29 қаңтарға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ауыр зардаптарын болдырмау мақсатында проблемалық мекенжайларда жан-жақты жұмыс жүргізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру