Ақмола облысында телефон ұрлығы ашылды
Ақмола облысында ұялы телефон бутигінде жасалған ұрлық дерегі ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2024 жылдың 7 желтоқсанында Бурабай ауданы полиция бөліміне жергілікті кәсіпкер шағымданып, белгісіз біреулердің кешкі сағат 22:00 шамасында сауда үйінде орналасқан бутигінің құлыбын бұзып кіргенін хабарлады. Қаскүнемдер бутиктен әртүрлі маркалы төрт ұялы телефонды қолды еткен.
Оқиға орнына дереу жеткен криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырып, күдіктіні анықтады. Ол жақын маңдағы ауылдардың бірінде тұратын 27 жастағы азамат болып шықты. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, оның басқа да осы тектес қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Полиция қызметкерлері мұндай оқиғалардың алдын алу үшін кәсіпкерлерге қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұсынады. Бейнебақылау камераларын орнату, сенімді құлыптар мен дабыл жүйелерін қолдану, құнды заттарды витриналарда қалдырмау және тауарлық-материалдық құндылықтарды тұрақты түрде тексеріп отыру — ұрлықтан сақтанудың негізгі жолдары.
Құқық қорғау органдары кәсіпкерлерге қауіпсіздік мәдениетін нығайту қажеттігін ескертіп, қырағылық танытуға шақырады.