Семейдегі түзеу мекемесінің қызметкерлері зейнеткерге арнап қан тапсырды
Семейдегі түзеу мекемесінің қызметкерлері зейнеткерге арнап қан тапсырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының Қан орталығы мен №21 түзету мекемесінің қызметкерлері бірлесе отырып, аса маңызды қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Бұл жолы шұғыл донорлық көмек ҚАЖД зейнеткері Бауыржан Жолдасбековқа қажет болды. Жүргізілетін операцияның сәтті өтуі үшін шұғыл қан құю қажеттілігі туындады.
Осыған байланысты №21 мекеменің 12 қызметкері бірден үн қатып, донор атанды. Олар өз еркімен қан тапсырып, "Зейнеткерге донор болу!" атты игі бастамаға үлестерін қосты. Бұл акция қызметкерлер үшін ерекше мәнге ие болып, олардың әлеуметтік жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымын көрсетті.
Донорлық процедуралар барынша қолайлы әрі қауіпсіз жағдайда ұйымдастырылды. Қайырымдылық акциясы қатысушылар арасында ізгілік пен жанашырлық сезімдерін оятып, қоғамның бірлігін тағы да дәлелдеді. Әрбір донордың шынайы ниеті мен қолдауы үлкен іс тындырып, Бауыржан Жолдасбековтың өмірін құтқаруға септігін тигізді.
Бұл шара тек денсаулық сақтау саласындағы маңызды қадам емес, сондай-ақ азаматтардың бір-біріне деген сенімі мен қолдауын арттыратын игілікті іс ретінде бағаланды.