Темекі шеккен павлодарлық баланың ата-анасы жауапқа тартылды
Темекі шеккен павлодарлық баланың ата-анасы жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Әр ата-ана баласын мектепке жібергенде оның тәрбиелі, тәртіпті және үлгілі оқушы болғанын қалайды. Алайда бұл үміт әрдайым ақтала бермейді. Кейде бала мектепте дұрыс тәртіп сақтамайды, ал ересектердің ескертуі де, тәрбиелік әңгімелері де нәтижесіз болады. Соның салдарынан ата-аналар сынып жетекшісінің, оқу ісі меңгерушісінің, тіпті мектеп директорының кабинетінде жиі қонаққа айналады.
Осындай оқиғалардың бірі Ақсу қаласындағы мектептердің бірінде болды. Павлодар облысы полиция департаментінің хабарлауынша, мектептен полицияға 14 жастағы оқушының дәретханада темекі шеккені туралы ақпарат түскен. Учаскелік инспектор анықтағандай, оқушы мектеп аумағында темекі өнімін пайдаланған. Заңды өкілі мектепке шақыртылып, ата-анасына әкімшілік құқықбұзушылық үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар оқушыға құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Полиция департаменті азаматтарға кез келген құқық бұзушылыққа куә болған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласуды немесе "Police 102" мобильді қосымшасын пайдалануды, сондай-ақ @dp_pavlodar Instagram парақшасының Direct бөліміне ақпарат жолдауды ескертеді.
"Заң және тәртіп" қағидаты тек жаза тағайындаумен шектелмейді, ол кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын түзетуді және заңға бағынатын өмір салтының құндылығын түсіндіруді де қамтиды. Бұл әдіс тек қоғамда тәртіп орнатуға ғана емес, сонымен қатар балалардың заң мен әлеуметтік нормаларға деген құрметін қалыптастыруға, құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді.