"Тұрмыс" ЖПІШ: Түркістан облысында полиция азаматтарға жадынамалар таратты
Түркістан облысында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу мен жолын кесу мақсатында 20-29 қаңтар аралығында "Тұрмыс" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында спирттік ішімдіктерге әуес, отбасы-тұрмысы саласында құқық бұзушылықтар жасайтындар және тұрмысы төмен отбасыларды есепке алу жүргізілуде. Науқан басталған күннен облыстық полиция департаментінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімі қызметкерлері басқа да құрылым күштерімен бірігіп тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге іс-қимыл алгоритмін айтып, үш мыңға тарта үнпарақ таратты.
Алдағы күндерде ішкі істер органдарында есепте тұрған қорғау нұсқамасы шығарылғандар, ерекше талаптар белгіленгендер, алкогольдік өнімдерді шамадан тыс қолданатындар санаттарымен тұрған адамдарды учаскелік полиция инспекторлары және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторымен бірлесіп тұрғылықты мекенжайларынан тексеріліп, олармен жеке-профилактикалық жұмыстар жүргізілетін болады.