Павлодарда азаматтарды 100 млн теңгеге алдаған әйел ұсталды
Павлодарда азаматтарды 100 млн теңгеге алдаған әйел ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полициясы алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.
– Бір уақытта облыстың бірнеше тұрғыны бір адамға қатысты алаяқтық әрекет туралы полицияға арызданған. Жәбірленушілердің айтуынша, олардың танысы бизнесті дамыту сылтауымен сенімге кіріп, қомақты қаржы қарызға алған. Алайда көрсетілген мерзімде қарыз қайтарылмаған. Залал сомасы 100 миллион теңгеден асқан. Алаяқтыққа күдікті әйел ұсталды. Қазіргі уақытта оның аймақтағы басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері Павлодар облысында 169 алаяқтық дерегі тіркелген.
Құқық бұзушылықтарды бейтарап тергеп, кінәлілерді заң жүзінде жауапқа тарту – заңдылық пен тәртіпті сақтаудың басты негізі. Павлодар полициясы жазаның бұлтартпастығы қағидатын ұстана отырып, елдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ауқымды жұмыстар жүргізуде.