Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әкімшілік полиция қызметкерінің өмірінен бір күн

Павлодар облысының әкімшілік полиция қызметкерінің өмірінен бір күнін Polisia.kz сайты назарларыңызға ұсынады.

Оразбаевтар әулетінің ішкі істер органдарындағы қызмет өтілі 75 жылды құрайды. Полиция саласында тұтас әулеттердің болуы таңқаларлық емес. Мұндай отбасыларда қызметке деген құрмет, парызға адалдық және мамандық беделі бала кезден бойға сіңіріледі. Павлодар облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция инспекторы Әсел Оразбаеваның отбасы – осындай әулеттердің жарқын үлгісі.

Алматы қаласындағы ҚР ІІМ Академиясын тәмамдаған Әсел Мұхтасқызы 2003 жылы көші-қон полициясына қызметке тағайындалып, кейін айдауылшы, жол полициясының инспекторы, процессинг орталығының технигі қызметтерін атқарды. 2008 жылдан бері әкімшілік полицияда табысты еңбек етуде.

– Біздің қызметіміз жеңіл емес, ол үлкен интеллектуалдық әрі эмоционалдық күшті талап етеді. Дегенмен, әріптестерімізбен өте тату ұжымбыз. Барлығымызды кәсіби шеберлігімізді жетілдіруге деген ортақ ұмтылыс біріктіреді. Бірлік – қызметтің өнімділігін арттыруға зор ықпал етеді. Меніңше, кез келген адам полицей бола алмайды. Бұл мамандық ерекше қабілеттер мен қасиеттерді талап етеді: зейінділік, адамгершілік, сонымен қатар табандылық пен шұғыл шешім қабылдай білу қабілеті, – дейді Әсел Мұхтасқызы.

Әсел қызмет барысында бір күні қалай өтетінін әңгімелеп берді. Әкімшілік полицияның күнделікті міндеттері – әріптестер анықтаған құқықбұзушылықтар бойынша ақпарат жинау, азаматтарды қабылдау және олардың өтініштерін заңнама аясында қарау.

– Азаматтар айыппұлдың негіздемесін сұрап жиі жүгінеді. Біз хаттаманы кім толтырғанын, материалдардың жинақталу барысын, фото және бейнетіркеуді көрсетіп түсіндіреміз. Кейбіреулер айыппұлмен келіспей, қосымша дәлелдерді талап етеді. Әрбір өтінішке ерекше мән беріп, заңнама тұрғысынан түсіндірме жүргіземіз. Сондай-ақ, ай сайын статистикалық деректерді жинақтап, есептер дайындаймыз, – дейді Әсел.

2024 жылы Павлодар облысында автоматты түрде 65 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелді. Төленбеген айыппұлдар бойынша 1294 қаулы мәжбүрлі түрде орындалуға жіберіліп, 1200 құқықбұзушылық бойынша белгісіз тұлғаларды анықтау үшін іздестіру шаралары жүргізілді.

Әсел Оразбаеваның екі ағасы мен әпкесі де полицияда қызмет етеді. Ербол – криминалист, Махамбет – жедел уәкіл, ал Айжан – күзет қызметінде. Олар – қайсар мінезді, көшбасшы, өмірге құштар жандар. Бұл отбасы кәсіби таңдауларын ешқашан өкінбей, жұмысының дұрыстығын азаматтардың алғысы мен әріптестердің құрметі арқылы сезінеді.

– Отбасы – кез келген адамға басты тірек. Мен бала күнімде ағаларым Жанат пен Қанат Битеновтердің полицияда адал еңбек еткенін көріп өстім. Олар отставкадағы полковниктер. Біз де осы дәстүрді абыроймен жалғастырудамыз, – дейді Әсел мақтанышпен.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полиция қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл жауапкершілікті терең түсінетін Әсел Оразбаева отбасындағы жылулықтың қызмет бабындағы қиындықтарды жеңуге көмектесетінін айтады.

– Жұмыстан шаршап келгенімде, алты жасар ұлым мен тоғыз жасар қызым жүгіріп қарсы алғанда, шаршауымды бірден ұмытып кетемін, – деп ағынан жарылады Әсел.

Отбасы бос уақытын бірге өткізгенді ұнатады. Қыста шаңғы теуіп, жазда жүзумен шұғылданады. Әсел табиғат аясындағы белсенді демалыстың жұмыстағы күйзелісті жеңілдететінін сеніммен айтады.

– Біз бұл мамандықты марапат немесе шен үшін емес, адамдарға көмектесу мен оларды қорғау үшін таңдадық. Біздің полицейлер әулеті бұл дәстүрді келешекте де жалғастыратынына сенімдімін, – дейді Әсел Оразбаева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру