Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Патрульдік полиция қызметкерінің бір күні

Шығысқазақстандық патрульдік полиция қызметкерінің бір күні туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Полиция қызметкері Қуаныш Атажанов үшін әр жұмыс күні ерте басталады. Таңғы сағат 7:00-де қызметіне кірісіп, табельдік қаруын қабылдап, қызметтік көлігінің техникалық жағдайын мұқият тексереді. Содан кейін ол өзіне бекітілген маршрут бойынша жолға шығады.

- Біз күн сайын белгіленген бағытпен жүріп, ондағы жағдайды жіті бақылаймыз. Жол бойында көмекке мұқтаж жандар бар ма, жол-көлік оқиғасы орын алған жоқ па, жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін сақтап жүр ме – осының бәрін назарда ұстаймыз, – дейді Қуаныш.

Патрульдік полиция қызметкерінің басты міндеті – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кез келген оқиғаға жедел әрекет ету және жол қозғалысына қатысушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Бұл қызмет тек құқықбұзушылықтың алдын алумен ғана шектелмейді, ең бастысы – әрбір азаматтың амандығын қамтамасыз ету, жол үстінде қауіпсіздік пен тәртіп орнату.

Кезекшілігі аяқталған сәтте Қуаныш үйіне қарай асығады. Оны үйде сүйікті жары мен үш баласы күтіп отыр.

- Менің отбасым – менің тірегім, күш-қуатым. Әр жұмыс күнімнен кейін олардың жылы құшағына оралуды асыға күтемін, – дейді ол.

Қуаныштың жары оның қызметінің ауыртпалығын жақсы түсінеді, әрдайым қолдау көрсетіп, оған демеу болуға тырысады. Бұл отбасында бірлік пен өзара түсіністік – басты құндылық.

Қуаныш Атажанов бала кезінен құқық қорғау саласында қызмет етуді армандаған. Бүгінде сол бала күнгі арманы орындалып, патрульдік полиция сапында жүр.

- Бұл – жай ғана мамандық емес, бұл – Отанға адал қызмет ету, қоғамға пайда тигізу. Полиция формасын кию – үлкен жауапкершілік пен абырой, – дейді ол мақтанышпен.

Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай қызмет етіп жүрген патрульдік полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Олар – тәртіп пен тыныштықтың қорғаны, азаматтардың сенімді тірегі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру