Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да "Құқықтық тәртіп" ЖПІШ аясында 1,3 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді

18-21 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Төрт күн бойы полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар мен тексеру жұмыстарын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара қорытындысы бойынша 1 319 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Сонымен қатар заңсыз айналымнан атыс қаруы, суық қару және оқ-дәрілер тәркіленді.

Рейд барысында атыс қаруын заңсыз сақтау бойынша 8 дерек анықталып, тегіс ұңғылы қаруға арналған 105 патрон тәркіленді. Оның ішінде 5 тегіс ұңғылы, 3 ойық ұңғылы қару және 1 суық қару – пышақ алынды.

Құқық бұзушылықтардың басым бөлігін қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу және масаң күйде жүру фактілері құрады. ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша 279 дерек анықталды. Сондай-ақ тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз жүрген 269 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде жүрген балаларға қатысты 121 дерек тіркелді.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да бірқатар құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілерге жол бермеудің 229 фактісі, көлікті масаң күйде басқарудың 15 жағдайы, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 10 дерегі және көлік басқару құқығынан айырылған адамдардың рөлге отырғанына қатысты 8 факт анықталды.

ШҚО полиция департаменті "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңға қайшы әрекеттердің жолын дер кезінде кесу және өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру