ҚР ІІМ Ұлттық ұланының жауынгерлері өрттен 21 адамды эвакуациялауға көмектесті
Елорда көшелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызметке шыққан ҚР ІІМ Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері тұрғын үйдің бірінен шыққан өртті байқап, тез арада шара қолданды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 31 қаңтар күні кешкі 21:10 шамасында Астана қаласының Сарыарқа ауданында болды. Ұландықтар Республика даңғылы 48/1 көшесінде орналасқан тұрғын үйдің жертөлесінен қою түтінді байқады. Әскери жасақ бастығы қатардағы Мейрамбек Тажибеков пен патрульдеушілер қатардағы Олжас Кариполла, Қуаныш Бейбітқұл дереу оқиға орнына жетіп, тұрғын үй астында орналасқан жиһаз жасайтын цехтан өрт шыққанын анықтады.
Әскери жасақ өрт шыққан көпқабатты үйдің кіреберісіне келіп, оқиға туралы патрульдік топ бастығы Дархан Шарипхановқа баяндады. Ол жол-жөнекей өрт сөндіру қызметіне және көрші бағытта жүрген әскери жасақтарға хабар берді. Жақын аймақта жүрген әскери жасақ бастығы қатардағы Азамат Оразынбаев пен патрульдеуші жауынгерлер Арсен Утегалиев, Алдияр Алембаев мен әскери жасақ бастығы қатардағы Дамир Утеш пен патрульдеушілер Руслан Арыстанбек, Жайық Қайыров және құтқарушылар тобы бірден көмекке келіп, 80-ге жуық тұрғынды өрттен қауіпсіз жерге шығарды. Өрт кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында әскери қызметшілер көпқабатты үйдің кіреберісін және айналасын қоршауға алды.
Айта кетсек, ұландықтар мен құтқарушылар баспалдақ маршын пайдаланып, тұрғын үйден 21 адамды, оның ішінде 11 баланы эвакуациялады. Өрт 50 шаршы метр алаңда ауыздықталды.
- Өзіміздің бағдар бойынша қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жауынгерлік қызмет атқару кезінде тұрғын үйдің жертөлесінен өрт шыққанын байқап қалдық. Тез арада оқиға орнына жетіп, тұрғындарды құтқарушылармен бірге қауіпсіз жерге шығардық, - деді қатардағы Мейрамбек Тажибеков.
Осылайша ұландықтардың жедел іс-қимылдары мен қырағылығының арқасында өрт шыққан аумақ анықталып, адам шығыны болған жоқ.