Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жолаушылар пойыздарына ілесіп жүру взводы полицейінің бір күні

Polisia.kz сайты ҚР ІІМ көліктегі ПД жолаушылар пойыздарына ілесіп жүру взводының жұмысы туралы ақпарат ұсынады.

Бұл қызметтің негізгі міндеті - қоғамдық тәртіпті сақтау, жолаушылар пойыздарының жүру жолында азаматтардың қауіпсіздігін, олардың жеке мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету.

Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының патрульдік полицейлерінің жұмыс күні басшылық пен жедел кезекшіден нұсқау алудан басталады. Сондай-ақ заңнама мен жедел жағдайды білуі, сыртқы киім үлгісі мен түр-келбеті, қызметтік құжаттары мен физикалық дайындығы тексеріледі. Бұдан соң әр жасақ бекітілген аумаққа қызметке түседі.

Жалпы, әр жолаушылар пойызына белгілі бағытқа дейін екі патрульдік полицей жасаққа түседі. Біздің кейіпкерлеріміз патрульдік полицияда 16 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан полиция лейтенанты Максим Ворон мен полиция кіші лейтенанты Азат Ғалымов.

- Ең басты міндетіміз - жолаушылармен профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізу, іздеуде жүрген тұлғаларды анықтау, бір сөзбен айтқанда, жол бойында құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жасау, - дейді сақшылар.

Сақшылар кезекшілік кезінде 400 км-ден астам жол жүреді екен.

- Жолда әртүрлі жағдайлар болады, мысалы біреу мас күйінде төбелес шығарса, енді біреу бұзақылық жасайды. Қызметтің қиындығы мен жауапкершілігіне қарамастан, мен ішкі істер органдарында қызмет ететінімді мақтан тұтамын, - дейді Максим.

Жол бойында көбінесе пойыздағы көршілердің бір-бірімен келіспеушіліктері, түнгі уақытта тыныштықты бұзу сынды келеңсіз жағдайлар болып жатады екен. Полицейлер мас адамдардың бұзақылық және агрессивті ерсі қылықтарын тоқтатып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырады.

Азат Ғалымовтың патрульдік полициядағы қызмет өтілі - 3 жыл. Қызметтегі тұрақтылық пен адамдарға қол ұшын беріп, көмектесу Азаттың полиция қызметіне деген қызығушылығын оятқан.

- Кез келген қызметтің өз қиыншылығы бар, бірақ ең бастысы - өз кәсібіңді сүю, - дейді полиция қызметкері.

Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік-іздестіру иттері вагондарды патрульдеу және тексеру кезінде жолаушылар да көлік полицейлерінің жұмысына үлкен түсіністікпен қарады. Расында, патрульдік полиция инспекторлары – ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тәуліктің кез келген уақытында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және қоғамдық тәртіпті сақтайтын қызметтің нағыз майталмандары. Бұл қызметкерлердің көп жағдайларды пойыздарда, вокзалдардар мен қоғамдық орындарда жасалған қылмыстарды "ізін суытпай" ашуға мұрындық болып жүргендерін ерекше айтуға тиіспіз. Күн сайын жасаққа түскенде олар бастарын қауіп-қатерге тігеді десек, артық айтқандық емес. Себебі қылмыскерлердің қолдарында әрқашан суық қару болуы әбден мүмкін. Егер қоғамдық орындарда бірде-бір ауыр қылмысқа жол берілмесе, онда бұл, сөзсіз, патрульдік полиция жасақтарының жұмысты үйлесімді әрі тиімді атқарғандықтарының нәтижесі.

Естеріңізге сала кетейік, көліктегі ПД қызметкерлері еліміздің теміржол және әуе көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 2024 жылы патрульдік полиция қызметкерлері 58,4 мыңнан астам жолаушылар пойызына, оның ішінде: халықаралық қатынастағы 3,7 мың, республикалық қатынастағы 52,9 мың, сондай-ақ 1781 электр пойыздарына ілесіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Олардың қатысуымен 29 қылмыс және 16 қылмыстық теріс қылық, сондай-ақ 6,4 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде "мүлде төзбеушілік" қағидаты бойынша 2,7 мың дерек тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру