Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Учаскелік полиция инспекторының бір күні

Полиция майоры Нұрлан Бәйдікенов – қажырлы еңбегі мен өз кәсібіне адалдығының арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізген үлгілі қызметкерлердің бірі. Polisia.kz сайты учаскелік полиция инспекторының бір күні қалай өтетінін баяндайды.

Нұрлан Бәйдікенов ішкі істер органдарындағы қызметін 2005 жылы ҚР ІІМ Қарағанды академиясының тыңдаушысы ретінде бастаған. Одан кейін 10 жылдан астам уақыт бойы алдымен Шығыс Қазақстан облысында, кейін Павлодарда учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеді.

Бүгінде Нұрлан Бәйдікенов – Павлодар қаласы Оңтүстік полиция бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы. Оның әкімшілік учаскесінде 27 мыңнан астам адам тұрады, аумағы 46,6 гектарды құрайды. Мұнда 64 көпқабатты тұрғын үй, 28 дүкен, 5 мектеп, 4 балабақша және 2 денсаулық сақтау мекемесі орналасқан.

– Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданы Семеновка ауылында дүниеге келдім. Бала күнімнен полиция қызметкері болуды армандадым. Соғыс жылдарындағы фильмдерді көріп, батырлардың орнында болуды қаладым. Қазір, әрине, мен үшін ең маңыздысы – еліміздегі бейбітшілік, – дейді Нұрлан Бәйдікенов.

Оның айтуынша, учаскелік полиция қызметі өте қызық әрі әртүрлі адамдармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

– Күнделікті жұмыс таңғы 08:30-да жоспарлаудан басталады. Полиция пунктінің жеке құрамымен бірге бір күндік жұмыс жоспарын талқылаймыз. Бұған база мониторингі, тұрғындардан түскен шағымдарды қарау, мектептер мен балабақшаларға қоңырау шалу, олардағы жағдайды бақылау кіреді. Сондай-ақ 102 арнасына немесе дерекқорға келіп түскен шақыртуларға қызмет көрсетеміз, – деп түсіндіреді ол.

Күн сайын өзіне бекітілген аумақтағы жағдайды бақылап, есепте тұрған азаматтарды, тұрмысы төмен отбасыларды, отбасылық жанжал шығарушыларды, жалғыз тұратын зейнеткерлерді тексереді. Көршілермен, аулалардағы тұрғындармен сөйлесіп, олардың пікірлерін тыңдайды.

– Ауладағы әжелер бәрін біледі. Кейде олардан ресми дереккөздерден де көп ақпарат алуға болады, – дейді кейіпкеріміз.

Егер күтпеген оқиғалар болмаса, күн тәртібі бір схема бойынша өтеді.

– Учаскелік инспектордың жұмысы көбіне жаяу жүрісті талап етеді. Қызметтік көлігіміз болғанымен, көбіне аумақты өзім жаяу аралаймын. Бұл әрі денсаулыққа пайдалы, әрі көбірек ақпарат білуге мүмкіндік береді. Кешке қарай смартфондағы арнайы қосымша шамамен 20 мың қадам жүргенімді көрсетеді, кейде одан да көп болады. Бұл ауа райына қарамайтын жұмыс: суық, көктайғақ немесе боран болса да, қызметтік міндеттер өзгермейді, – дейді ол.

Нұрлан Бәйдікеновтің телефоны үздіксіз шырылдап тұрады. Ол бір нөмірді жұмысқа да, отбасы мен достарына да пайдаланады.

– Кез келген қоңырау маңызды. Сондықтан барлығына жедел жауап беруге тырысамын, – дейді полиция қызметкері.

Осындай қарбалас жұмыс арасында ол отбасына да уақыт бөлуге тырысады.

– Жұбайым екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз. Жарым балаларға көбірек көңіл бөледі, өйткені менің жұмыс кестем өте тығыз. Балаларымды сағынамын, олар маған жиі қоңырау шалады. Үйге қайтқанымда амандығымды сұрап, тәттілер әкелуімді өтінеді. Отбасылық өміріміздің басында жұбайым менің жұмысымды қиын қабылдады. Бірақ уақыт өте келе бұл қызметтің қаншалықты маңызды екенін түсінді. Көмек сұрап хабарласқан зейнеткерлердің дауысын естігенде, жоғалған баласын іздеген ата-аналардың жанайқайына куә болғанда, менің орнымда басқа ешкім көмектесе алмайтынын сезді. Қазір ол мені толықтай қолдайды, – дейді майор.

Учаскелік полиция инспекторы үшін басты міндет – қылмыстардың алдын алу, заң бұзушылықтарды болдырмау және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.

– Егер біреуге көмегің тиіп жатса, бұл мамандықты бекер таңдамағаныңды түсінесің. Жұмысыңның нақты нәтижесін көргенде жаның рахаттанады, – дейді ол.

Рейд барысында Нұрлан Бәйдікенов өзінің әкімшілік учаскесіндегі тұрғындармен тығыз байланыста екенін көрсетті. Ол әр кездескен адаммен жылы амандасып, хал-жағдайын сұрап, немересі туралы әңгімелесіп, оқушының күнделігін тексеріп, ата-анасына ескерту жасап, есік алдындағы қарияларға алаяқтардан сақтануды ескертті. Тіпті кіреберіске кіріп, жанып кеткен шамды ауыстырып, көлігі оталмай қалған жүргізушіге көмектесіп, шақыртуға келген дәрігерлерден келген науқастың жағдайын сұрады.

– Учаскелік полиция инспекторы өз аумағында болып жатқан барлық жайттан хабардар болуы керек, – дейді ол.

Осы бір күннің ішінде майор мектепте екі дәріс оқып, ата-аналар жиналысына қатысты. Кешкі патруль кезінде ойын алаңында ішімдік ішкен үш мас адамды анықтап, автопатруль шақырды. Олар қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Сондай-ақ екі отбасылық жанжалға араласып, жанжал шығарған мас күйдегі азаматтарға қатысты материал жинады. Енді олардың әрекеттерін сот қарайтын болады.

Осылайша, Бәйдікеновтің тағы бір жұмыс күні аяқталды. Ал ертең оны жаңа міндеттер мен жаңа оқиғалар күтіп тұр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру