Түркістанда "Есірткіге жол жоқ" іс-шарасы ұйымдастырылды
"Болашақ" жоғары көпсалалы колледжінде Түркістан облысы ПД жастар ресурстық орталығы мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен "Есірткіге жол жоқ! іс-шарасы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңызды жиынға оқу орнының 200-ден астам оқушысы мен оқытушылары қатысты.
Аға жедел уәкіл Марат Бимаханов студенттермен сұқбаттасып, есірткінің қауіптілігі мен зияны, олардың адам ағзасына әсері, сондай-ақ есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың салдары туралы айтып берді.
Одан бөлек жастарға нашақорлықтың алдын алу және қоғамның өзекті мәселесіне айналған синтетикалық есірткі туралы бейнеролик көрсетілді. Осылайша іс-шара ұйымдастырушылары жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен шұғылдануға шақырды.
Жастардың шынайы қызығушылығын тудырған кездесу соңында оқушылар тақырыпқа сай сұрақтар қойып, мамандардан егжей-тегжейлі жауаптар алды, пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ есірткіден мүлдем алшақ болуға уәде берді.