Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Екібастұзда үш күнде 9 көлік арнайы тұраққа қойылды

Екібастұзда полиция құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Үш күн ішінде түрлі бұзушылықтар үшін мамандандырылған тұраққа 9 көлік қойылды.

Мысалы, М.Әуезов көшесінде кәмелетке толмаған баланың жүргізуімен Toyota Land Cruiser көлігі тоқтатылды. Ал М.Жүсіп көшесінде Toyota Camry автокөлігі тоқтатылды, оны да кәмелетке толмаған бала басқарды. Көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері жауапқа тартылды, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.

Патрульдік қызмет барысында мемлекеттік нөмірсіз жүрген Hyundai Sonata маркалы автокөлігі анықталды. Ал Toyota Camry жүргізушісінің көлігінің жүк салғышынан 2024 жылы есептен шығарылған қосымша нөмірлік белгілер табылды. Екі жүргізуші де жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар Энергетиктер, М. Жүсіп және Беркімбаев көшелерінде орналасқан ойын-сауық орындарына рейд жүргізілді. Тексеру барысында келушілердің кальян қолданғаны анықталды. Белгіленбеген жерде темекі өнімдерін, соның ішінде кальян қоспасын тұтыну фактілері бойынша келушілер мен мекеме иелеріне әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, айыппұл салынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру