Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері оқушылармен кездесті
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері оқушылармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдарында ең әуелі елінің тыныштығы мен игілігін ойлайтын азаматтар қызмет етеді. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ал Ішкі істер министрлігіне қарасты Қабылбек Шырақпаев атындағы Қостанай академиясы – осындай патриот азаматтарды даярлайтын беделді оқу орны.
Жуырда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №26 мекеменің тәрбие және кадр жұмысы тобының аға инспекторы Санат Аманжол және сотталғандар еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы Асыл Оразбаев жас ұрпақпен жүздесіп, құқық қорғау саласында қызмет етудің қыр-сырымен бөлісті.
Жамбыл аудандық білім бөлімінің Амангелді және Айша бибі орта мектептерінде 9-11 сынып оқушыларымен өткен кездесуде ҚАЖД қызметкерлері бұл саланың төзім мен табандылықты талап ететінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар болашақ түлектерге Қ. Шырақпаев атындағы Қостанай академиясында білім алу мүмкіндігі бар екенін жеткізіп, мамандық таңдауда қателікке бой алдырмауға кеңес берді.
Айта кету керек, конкурстық негізде аталған академияға оқуға түскен курсанттар киім-кешек, жатақхана, тамақтану және мемлекеттік шәкіртақымен толық қамтамасыз етіледі.