Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінде суицид пен лудоманияның алдын алу мәселелері талқыланды

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде жеке құрам қызметкерлері арасында суицидтік мінез-құлықтың және құмар ойындарға тәуелділіктің (лудоманияның) алдын алуға арналған профилактикалық жиын өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға департамент басшылығы, құрылымдық бөлімдердің жетекшілері және жеке құрам қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында қызметкерлердің психологиялық жай-күйін бақылау, эмоционалдық тұрақтылықты сақтау, күйзелістің алдын алу, сондай-ақ құмар ойындардың адам өміріне, отбасылық жағдайына және қызметтік міндеттерді орындау сапасына тигізетін кері әсерлері жан-жақты түсіндірілді.

Жиын кезінде қатысушыларға суицидтің алдын алу бағытындағы ерте белгілерді анықтау, қиын өмірлік жағдайға тап болған әріптестерге қолдау көрсету және уақытылы психологиялық көмекке жүгінудің маңыздылығы жөнінде ақпарат берілді.

Сонымен қатар лудоманияның әлеуметтік және қаржылық салдары, оның жеке тұлғаның психологиялық жағдайына әсері және өмір сапасына тигізетін зардаптары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кездесу қорытындысында жеке құрам арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, психологиялық тұрақтылықты нығайту, қызметтік тәртіп пен жауапкершілікті арттыру бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінде қызметкерлердің моральдық-психологиялық ахуалын жақсартуға, олардың әлеуметтік әл-ауқатын қолдауға және кәсіби қызметін тиімді атқаруына жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар тұрақты негізде жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру