Тұрғын үйлердегі қауіпсіздік: Жетісу облысының бас полицейі ПИК және МИБ басшыларымен кездесті
Жетісу облысының бас полицейі ПИК және МИБ басшыларымен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаиынов Талдықорған қаласындағы пәтер иелері кооперативі (ПИК) және мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) басшыларымен жұмыс кездесуін өткізді. Басқосуда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және полиция мен тұрғын үй басқарушы ұйымдарының өзара ынтымақтастығын нығайту мәселелері талқыланды.
Жиынды аша отырып, өңірдің бас полицейі облыстағы криминогендік ахуалдың біршама тұрақтанғанын атап өтті. Дегенмен, бөтеннің мүлкін ұрлау мен алаяқтық қылмыстары әлі де алаңдатарлық деңгейде екенін жеткізді. Ол алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдері туралы баяндап, тұрғындарды бейтаныс адамдардың қоңырауларына, күмәнді хабарламаларға сенбеуге шақырды.
Тұрғын үйлердегі қауіпсіздік мәселесі – жиынның басты тақырыптарының бірі болды. Сарқытбай Құсаиынов көпқабатты үйлерде заманауи қауіпсіздік жүйелерін орнатудың маңыздылығына тоқталып, бейнебақылау камералары, дабыл жүйелері мен смарт-домофондарды пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ ПИК және МИБ басшыларына тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Кездесу барысында жол қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінді. Қатысушыларға жол қозғалысы ережелерін сақтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша ақпараттық жадынамалар таратылды.
Сонымен қатар көпқабатты үйлердің маңында күдікті адамдарды байқаған жағдайда, олар туралы дереу полицияға хабарлау қажеттігі ескертілді. Себебі соңғы уақытта есірткі таратушылардың белсенділігі артқаны байқалуда. Уақтылы берілген ақпарат есірткі қылмысының жолын кесуге және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізеді.
Жиын соңында қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан және құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектескен белсенді азаматтар марапатталды.
Жетісу полициясы халықпен тығыз байланыста жұмысын жалғастырып, тұрғындарды қауіпсіздік мәселелеріне бей-жай қарамауға, күдікті жағдайларда дереу құқық қорғау органдарына хабар беруге және өз мүлкін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдауға шақырады.