Петропавл полициясының бастығы халық алдында есеп берді
Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев қала тұрғындарының алдында есеп беру кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдарының жұмысын талқылау үшін қалалық мәдениет үйінің залында прокуратура, "Amanat" партиясының өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары жиналды.
Жұмалиев тіркелген қылмыстардың саны 9,1% (2323-тен 2112 фактіге дейін) азайғанын, ал ашылу деңгейі 53,1%-дан 59%-ға дейін өскенін хабарлады. Ұрлық (702-ден 534-ке дейін) пен тонаудың (31-ден 21-ге дейін) азайғаны ерекше байқалады, ал тонау қылмыстары толығымен ашылады. Интернет-алаяқтық саны да төмендеді – 591-ден 566 фактіге дейін.
Марат Жұмалиев өз баяндамасында полиция жұмысының барлық бағытына тоқталды. Сондай-ақ ол өткен жылдың маңызды оқиғаларын еске салды: су тасқыны кезіндегі жанқиярлық жұмыс, Бірлік шағын ауданында жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылуы, киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бөлімшесінің құрылуы.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қалалық полиция цифрлық сервистерді белсенді дамытуда. "102" жедел арнасына бір жыл ішінде 42 мыңнан астам қоңырау, ал "102" мобильді қосымшасына 287 хабарлама келіп түсті. Адамдар көп жүретін жерлерде 15 "SOS" батырмасы орнатылды. Қаланың барлық мектебі дабыл батырмаларымен жабдықталған, аталмыш батырмаларды қоғамдық көліктерге де орнату жоспарда бар.
Кездесу соңында Марат Жұмалиев қала тұрғындарының абаттандыру, жол қауіпсіздігі және қаңғыбас жануарлар мәселесі туралы сұрақтарына жауап берді.
Петропавл полициясы қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі және жайлылығы үшін барлық жағдайды жасайды.