ҚР ІІМ Ұлттық ұлан спортшысы муай-тайдан ел чемпионатының жүлдегері атанды
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан спортшысы муай-тайдан ел чемпионатының жүлдегері атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20-24 ақпан аралығында Петропавл қаласында муай-тайдан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен ең мықты спортшылар жиналып, өзара бақ сынасты. Тартысты бәсекеде 91 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Али Нәсіпқалиев жүлделі екінші орынға ие болды.
– Бұл жеңіс мен үшін үлкен маңызға ие. Чемпионатқа дайындық кезінде көп еңбек сіңірдім, көптеген қиындықтарды жеңіп, өзімді көрсетуге тырыстым. Бірақ осы жолы бірінші орынға қол жеткізе алмадым. Дегенмен, бұл мені одан әрі дамып, жаңа шыңдарға жетуге шабыттандырады. Мен алдағы уақытта өз елімнің, Ұлттық ұланның намысын қорғап, жеңіске жетуге тырысамын, – деді А. Нәсіпқалиев.
Бұл нәтиже ұландықтардың қызметпен қатар спортта да зор жетістіктерге қол жеткізіп жүргенін тағы бір мәрте дәлелдейді.