Қызылорда облысының бас полицейі халық алдында есеп берді
Қызылорда облысының бас полицейі халық алдында есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов өңір тұрғындары алдында есептік кездесу өткізді. Дәстүрге айналған бұл жиында департамент басшысы өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Жиын халықпен тікелей байланысқа негізделді. Кездесу полиция департаментінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде өтті. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды алдын ала жолдап, тікелей эфир барысында да пікір білдіру мүмкіндігіне ие болды.
Бас полицей өз баяндамасында өңірдегі криминогендік жағдайдың тұрақталуына тоқталды. Оның айтуынша, облыс көлемінде тіркелген қылмыстар саны 10 пайызға азайған. Әсіресе ауыр және аса ауыр қылмыстар 6 пайызға, ал бөтен мүлікті ұрлау деректері, соның ішінде пәтер, ұялы телефон және мал ұрлығы айтарлықтай төмендеген.
Жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары да жиі кездесетіні айтылды. Полиция қызметкерлері жыл басынан бері 219 мыңнан аса құқық бұзушылықты анықтаған. Оның 97 мыңы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел заң бұзушылықтар.
– Жүргізушілердің тәртібі мен жол қозғалысына жауапкершілікпен қарауы – жол-көлік оқиғаларының алдын алудың басты кепілі. Тәртіп сақшылары тек заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, алдын алу шараларына да ерекше көңіл бөлуде, – деді департамент бастығы.
Сондай-ақ жергілікті әкімдіктің қолдауымен «Кіші жедел басқару орталықтары» іске қосылды. Олардың аясында аудандарда 539 бейнекамера мен 49 стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылған. Бұл жоба жол қауіпсіздігін күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Цифрландыру дәуірінде интернет-алаяқтықтың белең алып отырғаны да сөз болды.
– Алаяқтардың әрекеттері барған сайын күрделеніп, олардың құрбандары көбейіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі өңірлерде киберқылмысқа қарсы жаңа құрылымдар құрды. Қызылорда облысында да Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жұмыс істеуде, – деп атап өтті Серік Ергешов.
Жаңа технологиялар мен бағдарламалық құралдардың көмегімен 181 қылмыс ашылып, 76 қылмыскер ұсталған, 2 ұйымдасқан киберқылмыстық топ пен 52 дроппер анықталған, сондай-ақ 108 із-түссіз жоғалған адам табылған.
Бас полицей тұрғындарды киберқауіпсіздікке ерекше назар аударып, бейтаныс адамдарға сенбеуге және жеке мәліметтерін қорғауға шақырды.
Кездесу барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, есірткі қылмыстарымен күрес, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою, қоғамдық тәртіпті сақтау секілді маңызды мәселелер көтерілді.
Тікелей эфирге қосылған тұрғындар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Полковник Серік Ергешов әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын, арнайы жұмыс тобы құрылып, ұсыныстардың ескерілетінін айтты.
Кездесу соңында департамент бастығы халықтың белсенді ұстанымына ризашылығын білдіріп, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға тұрғындардың қолдауы қажет екенін атап өтті.