Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда ювеналды полиция студенттермен буллинг мәселесін талқылады

Қарағандыда ювеналды полиция студенттермен буллинг мәселесін талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды индустриалды-технологиялық колледжінің акт залында Октябрь полиция бөлімінің ювеналды полиция қызметкерлері студенттермен ашық сұхбат өткізді. Бұл шара «Профилактика жылы» аясында ұйымдастырылып, жастардың өміріне теріс әсер ететін буллинг мәселесіне ерекше назар аударылды.

Аға инспектор Айнұр Жошина буллингтің түрлерін, оның салдарларын түсіндіріп, қорлаудың заң алдындағы жауапкершілігін егжей-тегжейлі айтып берді. Мұндай кездесулердің зорлық-зомбылыққа деген төзімсіздікті қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын атап өтілді, сондай-ақ білім беру мекемелерінде қауіпсіз орта құруға ықпал ететіні сөз болды.

Диалог форматында өткен кездесуде полицейлер өз тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, буллингтің құрбандары мен оны жасаушыларға қолданылатын жаза түрлері туралы айтты. Студенттер қиын жағдайларда қалай әрекет ету керектігі туралы ақпарат алып, көмекке қайда жүгінуге болатыны жөнінде кеңестер алды. Әсіресе, кибербуллингке ерекше назар аударылды, себебі интернеттегі агрессия кейде физикалық зорлық-зомбылықтан да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Әлеуметтік желілерді пайдаланудағы сақтық шаралары мен қажетсіз контентті бұғаттау жолдары да талқыланды.

Студенттер өз тәжірибелерімен бөлісіп, белсенді түрде сұрақтар қойды. Полицейлер құқықтық аспектілерді түсіндіріп, мамандарға жүгінудің маңыздылығын атап өтті. Бірінші курс студенті Илья Воеводин жасөспірімдер арасындағы агрессия көріністерімен күресу қажеттігін айтты: «Менің ойымша, буллинг құрбандары өз мәселелерімен бөлісіп, қолдау ала алатын анонимді форумдар құру керек. Әркім өзін жалғыз сезінбеуі тиіс, әрдайым тыңдап, көмек көрсетуге дайын адамдар бар екенін білу маңызды".

Кездесу соңында қатысушылар зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оқу орнында қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған бірлескен шараларды жалғастыруға келісті. Қолдау қызметтері мен жедел желілердің байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық материалдар таратылды.

- Бүгінгі дәрістен көп нәрсе білдім және полиция бастамасын толық қолдаймын. Мұндай кездесулерді жиі өткізу керек, – деді «Жігер» студенттік парламентінің президенті Бекболат Асанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру