СҚО-да 8 наурыз мерекесі қарсаңында полицей әйелдер арасында үздік мергендер анықталды
СҚО-да 8 наурыз мерекесі қарсаңында полицей әйелдер арасында үздік мергендер анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінде Макаров тапаншасынан оқ атудан жарыс өтті. Оған ПД аппаратынан, Петропавл қаласы полиция басқармасынан және аудандық полиция бөлімдерінен 50-ге тарта әйел қызметкері қатысты.
Атыс шебі алдында жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалистер, кинологтар, әкімшілік блоктың, ювеналдық полицияның және басқа да бөліністерде қызмет атқарып жүрген аруларға ер азаматтар гүл сыйлады. СҚО ПД арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы Орал Хамзин және “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Туғанбаев қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.
Содан кейін қатысушылар қатаң нұсқаулықтан өтіп, 15 метр қашықтықтан тапаншаны екі қолмен ұстап атуға кірісті. Нәтижесінде Қызылжар ауданының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Ақмарал Құдайбергенова (45 ұпай) үздік атанды. Екінші орынды СҚО ПД Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің аға инспекторы Екатерина Нұралина (44 ұпай) иеленді. Үшінші орынға Петропавл қ. полиция басқармасының технигі Жұлдыз Оразбаева тұрақтады (42 ұпай). Жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табысталды.