Театр әртістері мен әскерилер бір сахнада: "Әлия" спектаклі көрермендердің жүрегін баурап алды
6 наурызда М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында "Әлия" спектаклі көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қойылым ерекшелігі сол – драма театр актерлары мен құқықтық тәртіп әскерінің өнерпаздары бір сахнада бірігіп, көркем бейнені қала жұртшылығына ерекше форматта ұсынды.
Бұл жоба Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған. Бұл қойылым аты аңызға айналған кейіпкердің тарихын айтып қана қоймай, қазақстандық әйелдердің ерлігі мен жанқиярлығына көрсетті.
Айта кетейік, шара Ұлттық ұланда Жеңіс мерейтойын мерекелеу мақсатында басталған "Жеңіске 100 күн қалғанда" акциясы аясында өтті.
Көрермендер алғашқы минуттардан бастап соғыс жылдарының атмосферасын сезініп, өрімдей жас қыздың нәзік бола тұра, мызғымас рух пен табандылық танытқан тарихи сәттеріне куә болды. Басты рөлді театрдың дарынды актрисасы Айжұлдыз Бағланова сомдады, ол өзінің жарқын эмоциясымен батыр ару бейнесін жеткізіп, көрермендердің жүрегіне терең бойлады.
Спектакльдің музыкалық сүйемелдеуінің өзі қойылымға айрықша рең берді: Ұлттық ұланның Ерлер хоры мен Үлгілі-көрсетімді оркестрі композитор Сейдолла Бәйтерековтің аңызға айналған туындысы, жарық көргеніне биыл 50 жыл толған "Әлия" әнін орындады. Әрбір қазақстандыққа таныс әуен ерекше ықыласпен орындалып, жұртшылықтың көңілінде мақтаныш сезімін оятты.
Айта кетейік, әскери рәсімдермен көркемделген драмалық өнер өзара үйлесім тауып, театр өнеріндегі ерекше жаңалық болды. Өнерпаздардың шеберлігі мен шынайылығы көрермендерді соғыс жылдарындағы және Жеңіс сәтіндегі эмоцияны сезінуіне мүмкіндік берді. Залдағы аншлаг, көпшіліктің ыстық ықыласы мен қимастығы, көрермендердің көз жасы – спектакльдің жүрекке жеткендігінің жарқын дәлеліндей болды.