Қазақстанның көлік полицейлері погондағы аруларды мерекемен құттықтады
Қазақстанның көлік полицейлері погондағы аруларды мерекемен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін көліктегі полиция департаментінде Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
”Жастар” театрында өткен салтанатты жиынға басшылық пен жеке құрам жиналды. Сондай-ақ қадірлі қонақтар ретінде – погон таққан нәзік жандар мен ішкі істер органдарының ардагер әйелдері шақырылды.
Көліктегі ПД бастығы Айдос Рысбаев ішкі істер органдарының бүгінгідей дамуына полицей әйелдердің қосқан зор үлесін атап өтті. Ол еліміздің қорғаны болар азаматтар мен шынайы патриоттарды тәрбиелеудегі аналарымыздың рөлін жоғары бағалады.
- Аса жауапты қызметті адал әрі кәсіби шеберлікпен жоғары деңгейде атқарып келе жатқандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасылық бақыт пен толағай табыстар тілеймін, - деді ол.
Бұдан соң қызметте ерекшеленген департамент пен оның бөліністерінің үздік қызметкерлері ҚР ІІМ мен КПД-ның алғыс хаттары және грамоталарымен марапатталды.
Қазіргі уақытта, көліктегі полиция департаментінің жеке құрамының айтарлықтай бөлігін әйелдер құрайды. Олар күн сайын қылмыстық істерді тергейді, сараптамалар жүргізеді, құқық бұзушылықтың алдын алады, сондай-ақ жауапты бағыттарда табысты жұмыс атқарады. Олардың арасында Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлінісінің криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Асель Атығаева да бар. Ол осы салада 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп, өз мамандығына деген адалдығын дәлелдеп келеді. Бүгін полиция майоры “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды. Сондай-ақ ІІМ-нің алғыс хаты Астана әуежайындағы желілік полиция бөлінісінің тергеушісі полиция капитаны Айжан Советхановаға табысталды. Ол 2016 жылдан бері өзінің жоғары кәсібилігі мен қызметке деген адалдығын көрсетуде.
Салтанатты іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
Айта кету керек, бүгінде көліктегі полиция департаменті мен оның желілік бөліністерінде сержанттан бастап полковникке дейін 300-ден аса әйел қызмет атқарады. Олардың көпшілігі 5 жылдан 20 жылға дейін ішкі істер органдарында еңбек етуде.