Алматыда погон таққан арулар құрметке бөленді
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі күні Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасындағы қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
— Құрметті асыл аналар мен аяулы арулар, сіздердің мерекелеріңіз — табиғат-ана түлей бастайтын тамаша кезеңмен бірге келетін ең мерейлі мереке. Жер бетіндегі барлық жақсылық пен шапағат аналардың жүрегіндегі ізгіліктен нәр алатыны анық. Бүгінгі күн осындай құдіретке ие жандардың шуақты күні. Біздің күзет саласында да жауапты жұмыстың жүгін арқалап жүрген қайсар қыз-келіншектер баршылық. Олардың арасында шаңырақты шуаққа бөлеп жүрген көпбалалы аналар да бар. Мерекелеріңіз құтты болсын, — деді салтанатты мерекені құттықтау сөзбен ашқан басқарма бастығы М.Мұхтаров.
Мерекелік салтанатта өз қызметтерінде жетістікке жетіп жүрген қыз-келіншектерге МКҚБ бастығының Алғыс хаттары тапсырылды. Құшақтары көктем гүліне толған аналар мен арулар үшін ең жоғарғы құрмет Қазақстан өнер жұлдыздарының сыйы болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Бақыт Шадаева шырқаған қазақ әндерінің әсері көрермендер көңілін бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ басқа да концерттік нөмірлер шуақты мерекенің шырайын арттыра түсті.