СҚО-да тәртіп сақшыларына мемлекеттік тіл бойынша маңызды көмекші құрал әзірленді
СҚО полиция департаментінде тәртіп сақшыларына мемлекеттік тіл бойынша маңызды көмекші құрал әзірленді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің күнделікті жұмысында мемлекеттік тілде құжаттар дайындалады. Құжаттармен жұмыс істеген кезде бірізділікті сақтау мақсатында полиция департаменті қызметкерлеріне арналған көмекші құрал әзірленді.
Оның авторы — СҚО ПД ақпараттық саясат бөлімі ұжымы. Үш айлық еңбектің нәтижесінде 80 беттен құралған кітапшада мемлекеттік тілде дайындалатын құжаттардың үлгілері, әр бөлініске қатысты терминдер сөздігі, тілдесу кезінде жиі қолданылатын жұмысқа қатысты көмекші сөздер мен сөз тіркестері жинақталды.
200-ге жуық брошюра облыстық полицияның барлық бөліністеріне үлестірілді, сондай-ақ электронды көшірмелері жіберілді. Бұрын осыған ұқсас әдістемелік ұсыным 2016 жылы дайындалды. Содан бері құжат түрлері жаңартылып, терминология нақтыланды. Мемлекеттік тілді дамыту – СҚО ПД жұмыстың басым бағыттарының бірі.