ІІМ ет өңдеумен айналысқан заңсыз цехтарды анықтап жатыр
Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл - Ішкі істер министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі. Ол үшін осы қылмыстардың алдын алуға, ашуға және жолын кесуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда.
Соның арқасында соңғы бес жылда Қазақстанда мал ұрлығының саны 37%-ға азайды. Сондай-ақ 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2025 жылдың екі айында бұл қылмыс түрі 47,2%-ға төмендеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Былтыр екі айда мал ұрлығының 217 фактісі тіркелсе, биыл — 152 факт.
Қазіргі уақытта республика аумағында "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Семей қаласынан 17 шақырым жерде тиісті құжаттарсыз және ветеринариялық-санитариялық бақылаусыз етті қайта өңдеуді және сатуды жүзеге асырған заңсыз цех анықталды. 350 бас ірі қара мал, ет өнімдері және етті бөлшектеуге арналған арнайы жабдықтар, 96 дана құлақ жапсырмалары тәркіленді.
Шымкентте осыған ұқсас тағы бір цех анықталды. 30-дан астам ірі қара мал және 40 жылқы тәркіленді.
Жетісу облысында еркін жайылымнан бес сиырды ұрлап әкеткен ер адам ұсталды.
- Барлық фактілер бойынша тексеру жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, - деп атап өтті ведомствода.