Көліктегі полиция департаментінде гарнизондық саптық байқау өтті
Көліктегі полиция департаментінде гарнизондық саптық байқау өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз мейрамы қарсаңында қоғамдық тәртіпті сақтау, жедел жағдайды тұрақтандыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көліктегі полиция департаментінде гарнизондық саптық байқау өтті.
Көліктегі ПД-ның жеке құрамы еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды. Мереке күндері көлік полициясының мыңнан астам қызметкері кезекшілікке түседі. Іс-шараға департаменттің барлық жеке құрамы қатысты. Полиция қызметкерлері түзу сапқа тұрып, жоғары саптық дайындықтары мен бұйрықтарды дәл орындау шеберліктерін көрсетті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде биікке көтеріліп, Әнұраны орындалғаннан кейін, көліктегі полиция департаментінің бастығы Айдос Рысбаев қызметкерлердің сыртқы келбетін, киім үлгісінің жағдайын, қызметтік жетондар мен төсбелгілердің болуын, сондай-ақ қызметтік куәліктердің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексерді. Айтулы тексеріс полиция қызметкерлерінің мереке күндері қызмет атқаруға толық дайын екенін көрсетті.
- Қылмыспен күресу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бізге жүктелген басты міндет. Егер полиция халықтан заңдылықты сақтауды талап етсе, ең алдымен, олардың өздері мінсіз болуы тиіс. Мен әрбір ішкі істер органының қызметкері азаматтық және қызметтік борышын терең сезіне отырып, ішкі істер министрі қойған міндеттерді орындауға сақадай сай болуы шарт деп есептеймін, – деді көліктегі ПД бастығы.
Саптық байқау салтанатты шерумен аяқталды.
Айта кетейік, мұндай саптық байқаулар жеке құрамның кәсіби даярлығын арттыру, қызметкерлердің үлгілі сыртқы келбетін қалыптастыру және қызметтік тәртіпті нығайту мақсатында өткізіледі.