Үздік кинологтың сенімді серігі — Ж-Ден
2025 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасы ІІМ Кинологиялық орталығының базасында облыстық және көліктегі полиция департаменттерінің инспектор-кинологтарының қатысуымен семинар-кеңес өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында орталықтың нұсқаушылары қатысушыларға кинологиялық қызметтің жаңа әдістері мен тәсілдерін таныстырып, заңнамалық өзгерістерді түсіндірді, сондай-ақ әртүрлі өңірлерден келген кинологтардың өзара тәжірибе алмасуларына мүмкіндік жасалды.
Семинардың қорытынды кезеңінде үздіктерді анықтау мақсатында жарыстар ұйымдастырылды. Көліктегі полиция департаментінің Қонаев станциясындағы желілік полиция бөлімінің кіші инспектор-кинологы Тұрар Ауелбеков пен оның сенімді серігі – Ж-Ден атты неміс овчаркасы “Үздік кинолог және үздік қызметтік ит” номинациясына қол жеткізді.
Полиция аға сержанты Тұрар Ауелбеков 2009 жылдың мамыр айынан бері құқық қорғау органдарында қызмет атқарып келеді, ал 2023 жылдың наурыз айынан бастап кинолог лауазымында жұмыс істейді. Отбасылы, төрт баланың әкесі.
Оның адал серігі, неміс овчаркасы Ж-Ден бар болғаны 3 жаста. Жасына қарамастан, бұл қызметтік ит бүгінде полиция қызметкерінің таптырмас көмекшісі саналады. Өзінің мінсіз қызметімен, жоғары кәсіби дайындығымен және мықты серіктестігімен Тұрар мен Ж-Ден еліміздегі кинологтар арасында лайықты түрде үздік атанды.
Негізі, бұл тандем есірткі заттарын іздеу және анықтау бойынша маманданған. Додалы сайыста Ж-Ден өз жетекшісінің бұйрықтарын бұлжытпай орындап, жоғары кәсіби біліктілігін көрсете білді. Ол айрықша сезімталдығымен және үйретілген дағдыларымен тыйым салынған заттардың жасырылған орындарын дәл көрсете білді.
Т. Ауелбеков өзінің қызметтегі серігі Ж-Денмен бірге жолаушылар пойыздарын тұрақты түрде тексереді. Басты мақсат - заң бұзушылықтарға жол бермеу, яғни алдын алу, ал құқық бұзғандарға бұлтартпау шарасын қолдану. Мәселен, олар көліктегі жүк ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстау кезінде де кәсіби шеберлік көрсетіп, ерекше көзге түсті. Жүргізілген жедел іс-қимылдардың нәтижесінде Жетіген станциясында жүк пойызынан мыс ұрлағаны үшін Алматы облысының төрт тұрғыны ұсталды. Сондай-ақ 2024 жылы екеуі есірткі заттарын заңсыз сақтау және тасымалдаудың 5 фактісін анықтаған болатын.
Маманның айтуынша, қызметтік иттердің өзіндік ерекшеліктері бар. Олар өздері үйренген адамның ғана бұйрығын орындайды. Ал өзге адамға үйрену үшін біршама уақыт керек.
— Қазіргі заманғы техникалық құралдардың үздіксіз дамуына қарамастан, қызметтік иттердің қылмыстарды ашудағы рөлі күн сайын артып келеді, – дейді ол.
Шынында да, көлік полициясының төрт аяқты достары вокзалдар мен пойыздарда құқықтық тәртіпті сақтауға, қылмыспен күресуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда.
Алдағы уақытта да олардың ауыр да жауапты қызметтеріне сәттілік тілейміз.